Алладан басқа жоқ Тәңір,
Мұxаммед - оның елшісі!"
Соны айтып Жәннәт баққа кір,
Иманың жанның емшісі!
Болуы қиын Хаққа құл,
Ібіліс болса көршісі!
Адамның көбі жат бауыр,
Заманның сол ғой кем тұсы!
Жер бетіндегі көп қабір,
Пенденің алған еншісі!
Құлдың да құлдан несі артық,
Нәпсісін түгел тыйса артық!
Намазын оқып бес уақыт,
Иманын кәміл жиса артық!
Қиямет күні "құлым" деп,
Алланың Өзі сүйсе артық!
Жәннәтта ғұмыр кешерсің,
Көңіліңде сонда күй шалқып!
Анаңның әппақ сүтінен,
Жұмақтың жұпар иісі аңқып!
Ғибадат жасап құрметпен,
Жаратқан Хақтың нұрын көр!
Пайғамбар салған сүннетпен,
Жаңылмай жолдан жүріңдер!
Жұмағың - Жәннәт гүл көктем,
Тұрағың болмас жұмыр жер!
Раxым-нұр жауып тұр көктен,
Танитын соны ілім бер!
Құлшылық еткен үмметке,
Тіршілік етер ғұмыр бер!
Өтпелі мына ғасырдың,
Өткелі қиын жол болар!
Біреудің тасып мерейі,
Біреудің бағы кем болар!
Сынағы ол да Алланың,
Ойлаған соны жөн болар!
Есіктен кірген басыңның,
Алатын орны төр болар!
Бесіктен шыққан басыңның,
Баратын жері көр болар!
Құранның сөзі - қасиет,
Пайғамбар сөзі - өсиет!
Ұмытпа сабыр етуді,
Көрсең де қайғы-қасірет!
Бабалар өткен не түрлі,
Иманы жалғыз досы боп!
Сүйгені сүннет секілді,
"Бұйрығы Хақтың осы" деп!
Ғибратты ғұмыр кешуді,
Бізге де Алла нәсіп ет!